Туған өлке
мақтаныштары
Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу
алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан
басталады. Қазақ даласының әрбір ауылының, тау- тасы мен өзен бұлағының тарихы
жазылуы тиіс.
Н.Ә.Назарбаев
Әр адамның туған өлкесі қашан да, қайда, қай уақытта
болса да ыстық. Себебі, әр адамның болашаққа деген жоспары, мақсаты, өзінің
туған жерінен басталады. Мен де мақсатымның бастамасы ретінде өзімнің туған
жерім жайлы сіздермен ой бөліспекпін. Мен Далабай атты киелі, тарихының тамыры
тереңде жатқан қасиетті мекенде дүниеге
келдім. Балалық шағым осы ауылдан бастау алып, қызыққа толы күндерім өтіп
жатыр. Осындай тарихы терең ауылда туғаным үшін бақыттымын. Мен кішкентай
кезімде ауылдың ата-әжелерін жақсы көріп, олардың әңгімелерін тыңдаудан
жалықпайтынмын. Себебі, мен өмірге келмес бұрын ата - әжем дүниеден озған. Сондықтан
да ауылдың ата-әжелері менен мейірімдерін аямай, туған немерелерінен кем көрген
жоқ. Сол ата-әжелердің жандарында жүріп, өзімнің туған өлкем жайлы көп мәлімет
алдым. Ең алдымен, сіздерге өз тегім жайлы әжелерден естігенімді айтып өтейін. Менің
тегім Нағызқан атамның құрметіне қойылған. Ал атам ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша атақты
батырлардың бірі болған екен. Далабай ауылы мен бізге көршілес ауылдың бірі Тассуат
ауылының шекарасы болып кеткен «Нағызқан сайы» деген сай бар. Сонау ерте
заманда Нағызқан атам сол сайдың жанында қоныс тепкен. Нағызқан атам маңайындағы бай елдерге барымталап, жылқыларды
еліне бөліп беріп жүретін болыпты. Атамның, тіпті, Кейкі батырмен де қарым –
қатынасы жақсы болған деседі. Содан бері ауылымыздың ақсақалдары осы кісінің
атынан екі елді мекеннің арасындағы сайды «Нағызқан сайы» деп атап кеткен.
Сондықтан да, менің туған Жерім маған әрқашан да ыстық және мен ата-бабамның
кіндік қаны тамған жерде өсіп жатқанымды мақтан тұтамын.
Енді өз ауылымдағы алтын ұя мектебім
жайлы айтпасқа болмайды. Ол да менің туған жерімнің бір бөлшегі емес пе? Тарих
сабағында мектебіміздегі Қарсақ ақын атындағы мұражайға кіргенбіз. Тура бір
алғаш кіргендей болып, мұражайды тегіс аралап, альбомдарды, естеліктерді көзім
шалып қалды. Сол альбомдардың ішінде ерекше көзіме ыстық көрінгені «Өмірлік Академиясы» деп жазылған альбом
болатын. Ішінде Өмірлік орта мектебінің тарихы жайлы жазылыпты. 1935 жылы жанында
интернаты бар «Өмірлік орта мектебі» болып ашылып, қазақша – орысша 9 – сыныпты
осы маңайдағы Үшқарасу, Тасөткел, Баранкөл, Львов, Нахым, Сапақ, Ақтөбе жақтан
балалар келіп оқыды. Ауыл – аймақ мектепті Өмірлік Академиясы деп атап кеткен
екен. Себебі, талай түлек қыран құстай қанаттарын кеңге жайып, өз ұясынан ұшып,
өмір жолын тапқан болатын. Қыран құс өз туған ұясын ешқашан да ұмытпайды,
жанына бір сағатқа болса да қайтып келеді. Осы жылы Өмірлік академиясының 60
жылдық мерейтойы атап өтілмекші. Сол себепті, алтын ұяларынан ұшқан түлектері
және асыл ұстаздары жүздеспекші. Мысалы, ауылымыздың тумасы Ибраев Еңбек атамыз
ғылыммен айналысып, қазіргі таңда Алматы қаласында тарих ғылымының кандидаты. Мектебіміздің
алғашқы директоры тарих пәнінің мұғалімі Түгелбаев Әлім ағамыз болатын.
Өкінішке орай, қазір бұл кісі өмірде жоқ. Ауылымыздың кез келген адамынан
сұрасаңыз, ол кісі жайлы мақтанышпен, шын жүректен айтып берері шүбәсіз. Ал 1961 жылдан бастап Абайділдә Айтжанұлы
математика пәнінен сабақ беріп, көп жылдар бойы партия мүшесі ретінде қызмет
атқарған. Бұл кісі 2016 жылы 90 жасында дүниеден озды. Мектебімізде өткізілетін іс – шараларға қатысып, естеліктерімен
бөлісіп отыратын. Ол кісі мәңгі біздің жүрегімізде.
Мектебімізде 1992 жылы Қарсақ Қопабайұлының
110 жылдығына арналған мұражай ашылған болатын. Ауылдағы ата-әжелердің айтуы бойынша ақын 1882
жылы осы ауылда дүниеге келген екен. Ата-анасы қарапайым шаруа қызметкерлері.
Кезінде ауыл молдаларынан білім алған. Жастайынан аң аулауға, өлең шығаруға өте
бейім болған деседі. Ауыл адамдары оны «ақын бала» деп атап кеткен. Себебі,
акын жақсылықты жақтап, соған арнап өлең
жазған. Қарсақ ақын Көкшенің Ыбырайымен, Сырдың Нартайымен қатар ән салысқан
тұлға. Оның «Ақын арманы» атты кітабы 1992 жылы Арқалық қаласында жарық көрген дейді.
Тіпті, ол кітап менің үйімде бар. (Сірә, әкем сатып алса керек). Қарсақ ақын
тек қана ақын емес, ол керемет ұстаз және де жеңілмейтін айтыскер. Дара
тұлға бұл дүниеден өтсе де, киелі
Далабай ауылының мақтанышы болып қала береді. 1992 жылы ауылымыздың жанынан
ағып жатқан Есіл өзенінің бойында Қарсақ ақынның 110 жылдығы тойланып өтілген
болатын. Ауылымызда Қарсақ ақынның ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Немересі Бибігүл
атасының жолын қуып, Абай оқуларының «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты
бойынша, Абай атамызға арнап өлең шығарып, облыстық кезеңге өтіп, бағын сынап
жүр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында елеулі
жұмыстар жүргізіліп жатқанына көзім жетіп отыр. Себебі, Қарсақ Қопайұлының
есімін ауылымыздың көшесіне беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Туған өлкемнің мақтан тұтар және батыл жандары
өте көп. Соған дәлел ретінде сұрапыл соғысқа біздің Далабай елінен
121 сарбаз аттанды. Олардың көбісі қаза тауып, хабарсыз кеткендері де
болды. Жеңіспен оралған сарбаздарымыз да жоқ емес. Қазір сол ардагер аталарымыздың барлығы өмірден өтіп кетті. Осы шығарманы жазу
барысында мен ауылымыздың ақсақалы Баянды атаның үйіне барып, естеліктер жазып алған болатынмын. Осы ауылдан аттанған Қабдеш Қапенұлы атамыз да Ленинград
қаласы қоршауда болған кезде, сол қоршауда болып, қаланы жаудан азат етуге
атсалысқандардың бірі. «Қыс кезі болатын. Халықтың бәрі аш, тамақ жоқ. Қоршауда
жатырмыз. Ешқайда аттап баса алмаймыз. Біздің адамдарымыз келіп, самолетпен
жоғарыдан тамақ тастайды. Ол азғантай тамақ ешкімге де жетпейтін еді.
Солдаттарға берілген тамақты аузымыздан жырып, әйелдерге, жас сәбилерге бердік.
Сол кезде қарын тойдыру үшін түрлі амалдарға да бардық. Балтық теңізіне барып,
динамик жарып, мұзды ойып, балық ұстап жедік. Аш отырған бала-шағаға бердік.
Осындай қиын жағдайда қоршауда 900 күнімізді өткіздік». Бұл Қабдеш атамыздың
кейінгі ұрпаққа айтып кеткен әңгімесі еді. Кейін ол кісі де елге оралып,
мектепте мұғалім болды, білім берді. Елге оралған соң көптеген медальдарға,
құрмет грамоталарына, алғыс хаттарға ие болды. Міне, бұл оқиғалардың бәрі соғыс
ардагерлерінің айтуынан қалған, соғыстың қиыншылығынан қалған азғантай
естеліктер. Бұл естеліктерді сақтау, олардың ерлігін ұмытпау біздің қасиетті
борышымыз.
Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау арман еткен заманға көп күш жұмсай жеткен елімді, туған өлкемді мақтаныш етемін. Еліміздің күні оңынан туып, жарық жұлдыздар шоғыры ұлттық намыс пен арымызды тудай желбіретті. Еліміздің көгінде тәуелсіздік туы желбірегеннен кейін өшкеніміз жанды, ата-баба дәстүрі көш түзеді, халқымыз еңсесін тіктеп жарқын болашаққа қол созды. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың мына сөздерін еліміздің әрбір азаматы жадында ұстауы тиіс. «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады. Қазақ даласының әрбір ауылының, тау- тасы мен өзен бұлағының тарихы жазылуы тиіс». Шығармамның басында айтып өткендей мақсатымның бастамасы орындалды. Өзімнің туған өлкем, тарихы жайлы біраз мәліметтер жинақтап, ой бөлісіп өттім. Мен қарапайым ауылдың кызы болсам да, өз Отанымды, туған жерімді, құдіретті елімді сүйемін және өлкемнің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларды мақтан етемін. Өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосамын. Ендігі міндет-бабалар аманатына адал болып, Ұлы Дала елінде тәуелсіздікті мәңгі ету. Келешекте елімді көркейтуге тер төгемін, адал қызмет етемін деген ниеттемін.
Өмірлік
негізгі мектебінің
8 – сынып оқушысы
Нағызқанова Жанар