Мереке 2011 жылы 22 қазандағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітіліп, алғаш рет 2012 жылы аталып өтті.
Мерекелеу күні – 12 сәуір деп бекітілуі бекер емес. Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.
Бүгінде ғылым адамзат тіршілігінің барлық саласын дамытудың басты факторына айналды. Ұлттың ғылымның заманауи және тиімді жүйесін қолдай білу қасиеті ғылыми жетістіктер санын сөзсіз еселей түседі. Сондай-ақ ғылым елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытушы маңызды сала.
Осыны негізге алған мемлекетімізде ғылымға үнемі қамқорлық жасалып келеді. Индустриялық-инновациялық даму бағытын үстанған елімізде ғылымды жетілдіру үшін биыл бюджеттен 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Соңғы төрт жылдың ішінде бюджеттен тұрақты қаражат бөлудің арқасында ғылым саласына келген жастардың саны 2,5 есеге өсті. Олардың саны 9 мыңға жуықтады.