Текст
Жиын залын мерекелік кешке сай безендендіріпті. Балалар да әп-әдемі болып киініп алған. Ата-аналары кеше ғана жетектеп балабақшаға әкелген балапандарының көзді-ашып жұмғанша ержетіп кеткеніне іштей таңқалып отыр. Балақайлар ата-аналарындай болып кеткен тәрбиешілерінің үйреткен өнерлерін паш етті. Ән шырқап, би биледі. Жұмбақтар шешіп жарысты. Ой-қиялдарының жүйрік екендіктерін танытып ойын ойнады. Көрініс көрсетіп, көрермендерге күлкі сыйлады. «Болашақ» тобының тәрбиешілері Кабдуллина Дина Көкеновна мен Карсакова Райхан Оразовна балаларға бар білгендерін барынша тоқытқаны байқалып тұр. Ата-аналары ақ алғыстарын айтып, балаларының алған тәлім-тәрбиесіне көңілдері толатындарын білдіріп жатты.