Желтоқсанның 16-сы – қазақ халқы үшін ең қастерлі, ұлы мереке. Осы орайда, Далабай ауылының негізгі орта мектебінде "Тәуелсіздік – тірегім" тақырыбында салтанатты іс-шара өткізілді. Мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, тәуелсіздіктің бағасын ұғындыру, Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары Желтоқсан оқиғасының құрбандарына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды. Мұғалімдер мен оқушылар тарапынан Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы, сол кезеңдегі қазақ жастарының ерлігі мен қайсар рухы туралы баяндалды. Оқушылар тәуелсіздік жылдарындағы елдің жеткен жетістіктерін хронологиялық түрде таныстырып, маңызды кезеңдерге тоқталды.
Шарада рухты өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, көрермендер назарына Желтоқсан оқиғасының хроникасынан алынған деректер мен бейнематериалдар ұсынылды. Тәуелсіздік жолында жанын пида еткен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова сияқты ержүрек жастардың өмірі мен ерліктері айрықша аталып өтілді.
Іс-шара соңында мектеп директоры Т.М.Амиргазина сөз сөйлеп, тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін, оны сақтау – әр азаматтың парызы екенін атап өтті. Оқушылардың белсенділігі мен шығармашылық қабілеттері жоғары бағаланып, шараға қатысқан барша ұстаздар мен оқушыларға алғыс білдірілді.
Бұл іс-шара жастардың бойына ел тарихына деген құрметті, патриотизмді ұялатумен қатар, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсінуге ықпал етті.